Осы бағытта жас педагогтердің әдістемелік әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу және педагогикалық шеберлікті дамыту мақсатында 2025 жылғы 29 қарашасында «Оқытудың деңгейлі бағдарламасы: жаңашыл тәжірибе және ізденіс» тақырыбында жас мамандарға арналған әдістемелік семинар өткізілді.
Семинардың басты мақсаты – жас мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, оқыту үдерісін тиімді ұйымдастырудың жаңа тәсілдерімен таныстыру және педагогикалық тәжірибені жетілдіру.
Семинар үш бағыт бойынша өтті:
Оқу-әдістемелік жұмысы жөнінен орынбасары Сайын Е.С. – «Сабақ жоспарының құрылымы мен сабақ типтері туралы кеңес беру» тақырыбында баяндама жасап, сабақ жоспарын құрудың негізгі талаптарын, сабақ түрлері мен құрылымдық кезеңдерін талқылады. Сонымен қатар, өзара сабаққа қатысу мәдениеті мен сабақ талдаудың тиімді сұрақтарын ұсынды.
Бөлім меңгерушісі Ташиева Э.А. – «Қатаң есеп беру құжаттарымен жұмыс ережесі» бойынша ақпарат беріп, білім беру ұйымындағы ресми құжаттармен жұмыс істеу талаптары мен жауапкершіліктерін түсіндірді. Құжаттардың рәсімделу тәртібі, журнал мен ведомостарды толтыру қағидалары туралы нақты мысалдар келтірілді.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-шебер Шанкозова З.Б. – «ХХІ ғасыр мұғалімінің кәсіби құдіреттілігі» тақырыбында тренинг өткізіп, қазіргі заман мұғаліміне тән басты қасиеттер – креативтілік, сыни ойлау, көшбасшылық және өзін-өзі дамыту дағдылары туралы ой бөлісті. Тренинг барысында қатысушылар интерактивті тапсырмалар орындап, кәсіби бағыттағы пікір алмасуға белсене қатысты.
Семинар қорытындысында жас мамандар өз тәжірибесін байытып, әдістемелік тұрғыдан пайдалы кеңестер алды. Іс-шара жас педагогтерге кәсіби дамуға жаңа серпін беріп, шығармашылық шабыт сыйлады.






